Айбек Нұғымаров - екі дүркін Әлем Барысы!

03.12.2018
Айбек Нұғымаров - екі дүркін Әлем Барысы!
Алматыдағы алыптар айқасы

2 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Әлем Барысы» түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтеді.Тұңғыш Президент күніне орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған беделді бәсекеге 29 елдің балуаны қатысты. Шетелдік спортшыларға Қазақстанның бес балуаны төтеп берді. Ереже бойынша, қатысушылардың салмағы 90 келіден асуы тиіс.

Тартысты белдесулердің нәтижесінде Айбек Нұғымаров екінші жыл қатарынан «Әлем Барысы» атағына ие болды. Финалда білекті балуан жас спортшы Ерсұлтан Мұзаппаровты жеңді. Үшінші орында ресейлік Роман Бобиков. Биылғы біріншіліктің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады. Оның ішінде 10 миллионы жеңімпазға тиесілі. 6 миллион екінші, 3 миллион теңге үшінші орын иегеріне табысталады. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де табысталды. Биыл алғаш рет «жеңіске деген талпынысы үшін» номинациясы бойынша 1 миллион теңге сыйақы тағайындалды. Аталған жүлдеге жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген тәжікстандық Додахон Куроналиев лайық деп танылды.Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмады. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылды.

«Әлем Барысында» Қазақстан намысын бес балуан қорғады: төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, жас та болса, болашағынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен және Ерсұлтан Мұзаппаров, биылғы Қазақстан чемпиондары Руслан Әбдіразақов және Нұрдәулет Жарылғапов. Әбдіразақов пен Жарылғапов алғашқы айналымда жеңілсе, Сейтен екінші белдесуінде жеңіліс құшты.

"Әлем Барысы" осымен үшінші рет өтті. 2014 жылы алғашқы турнирге 35 елдің апайтөс балуаны қатысты. Олардың арасында дзюдодан әлем және Олимпиада чемпионы чеx Лукаш Крпалек, самбодан әлем чемпионы армениялық Гарибян Арутюн, дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері неміс Раймунд Гирдц, кураштан әлем чемпионы изральдық Грегори Рудельсон, алыштан Азия чемпионы парсы Мухаммад Теймоури Сарах, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері кубалық Оскар Рене Видал Брайсон және тағы басқа атақты балуандар боз кілемге шыққан еді. Тартысты бәсеке нәтижесінде алтын белбеу мен жүз мың АҚШ долларды кубалық Брайсон иеленді. Екінші орында Айбек Нұғымаров, үшінші сатыда ресейлік Максим Ширяев. 2014 жылы xалықаралық турнир ретінде тұсауы кесілген "Әлем Барысы" бүгінде қазақ күресінен абсолютті әлем чемпионаты деңгейіне өсті. Былтыр Астанадағы «Барыс Аренада» Айбек Нұғымаров «Әлем Барысы» атанса, қазақ балуанына ақтық белдесуде лайықты қарсылас бола алған грузин спортшысы Гурам Тушишвили еді. Ал, үшінші орынға Ержан Шынкеев жайғасты.

Жарыстың ережесіне енгізілген кейбір өзгерістер де болды. Бұған дейін кілемде үш төреші: ортадағы және қапталдағы қос төреші болса, енді боз кілемде жалғыз маман төрелік етті. Сонымен қатар, жаттықтырушы бұрынғыдай төреші шешіміне қарсылық білдіріп, қамшы лақтырмады, белдесу барысында күмәнді шешім туындаған жағдайда ғана видео қайталау экранға шығарылды. Барлық белдесулерді толықтай бас төреші Шалқар Жоламанов бақылады.

Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар Алматыға жарысқа бірнеше күн қалғанда жиналды. Олардың арасында дзюдодан биылғы әлем чемпионы Гурам Тушишвили (Грузия), қазақ күресінен әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан), моңғол ұлттық күресінің мемлекеттік «Лашын» атағының иегері Серік Бердімұрат және тағы басқа нәтижелі спортшылар болды. Айта кететін жәйт биылғы чемпионатқа қатысқан елдердің барлығы бұған дейін қазақ күресінің сайыстарына қатысып жүр, тек Норвегия елі алғаш рет ұлттық күресімізде бағын сынады.

Жарыс шарты бойынша, барлық қатысушыларға қазақ күресінен арналған спорттық күртеше мен аяқ киім берілді. Балуандарға фотоссессия ұйымдастырылып, шетелдік төрешілерге қазақ күресінің ережелері бойынша семинар өткізілді. 1 желтоқсан күні сағат "Alem Barysy" қатысушыларының салмақ өлшеу рәсімі және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізілді.

Абсолютті әлем чемпионатын тікелей эфирде «Qazaqstan», «Qazsport», түріктің «TRT Avaz», Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ» телеарналары көрсетті.

Әлем Барысы хаттамасын жүктеу

Теги:

Спонсоры и партнеры